Бұған дейін Грузия шекарасында Қазақстан азаматтарын, барлық қажетті құжаттары бола тұра (қайтар билеттер, қонақүй броні, шақыру хаттар мен жеткілікті қаржы), елге кіргізбей қойған бірнеше оқиға жайлы хабарланған еді.
Не болды?
Кейбір азаматтар шекарадан өткен кезде «дискриминацияға» тап болғанын айтып берді: оларды шекарада бірнеше сағат тергеп, байланыссыз «күту бөлмесіне» жіберіп, себебін түсіндірместен депортациялаған.
Қазақстан СІМ бұған қатысты ресми ескертулерді Грузия билігінен алмағанын мәлімдеген. Алайда Тбилисидегі консулдық консультациялар кезінде қазақстандық тарап бас тарту жағдайларының жиілеп кеткеніне алаңдаушылық білдірген.
«Бас тартулар саны азайды»
Мәжіліс кулуарында сөйлеген Ақан Рахметуллин СІМ бұл мәселеге назар аударғаннан кейін, қазақстандықтарға қатысты бас тарту оқиғалары азайғанын хабарлады.
«Негізі, әр ел өз территориясына кімді кіргізіп, кімді кіргізбейтінін өзі шешеді. Бұл – олардың құқығы. Біз Грузиямен тығыз байланыстамыз. Біз бұл мәселені көтере бастағаннан кейін бас тарту оқиғалары күрт азайды. Демек, грузиялық тарап бізді естіп отыр, біз олармен жұмыс істеп жатырмыз», – деді вице-министр.
Оның айтуынша, грузин тарапынан бас тартулардың нақты себептері түсіндірілмеген. Еске сала кетейік, бұған дейін Грузияның Қазақстандағы елшісі Николоз Лалиашвили Қазақстанды «аймақтағы сенімді дос әрі негізгі серіктес» деп атаған. Ал шекарадағы тексерулерге қатысты ол барлық процедуралардың халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізілетінін айтқан болатын.