Қазақстанның жаңа Салық кодексі жобасында арнайы салық режимдерін (АСР) жеңілдетуге, олардың қамту аясын кеңейтуге және шағын мен орта бизнеске икемді жағдай жасауға бағытталған өзгерістер ұсынылды. Ұлттық экономика министрлігі бұл жаңартулар салық жүйесін бейімделгіш әрі кәсіпкерлік белсенділікті ынталандырушы етеді деп атап өтті.
Қолданыстағы заңнамада жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимі 3% мөлшерлемені, қызметкерлер саны бойынша (30 адамнан аспау) және табыс бойынша (жарты жылда 24 038 АЕК) шектеулерді қамтиды. Кодекстің жаңа редакциясында салық мөлшерлемесі 4% деңгейінде белгіленіп, мәслихаттарға оны 2%-ға дейін төмендетуге құқық берілмек. Маңызды өзгеріс – қызметкерлер санына қойылатын шектеудің алынып тасталуы және табыс шегінің жылына 600 мың АЕК-ке дейін ұлғаюы.
Сонымен қатар, бұл режим қолданылмайтын қызмет түрлерінің тізімі енгізіледі. Яғни тыйым салынбағанның бәріне рұқсат етіледі.
Бұған қоса, егер жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін салық төлеуші арнайы режим қолданатын кәсіпкерден тауар не қызмет сатып алса, бұл шығындарды шегерімге жатқыза алмайды.
Министрлік бұл шара арнайы салық режимін салықты оңтайландыру мақсатында теріс пайдалану тәуекелін болдырмауға көмектеседі деп түсіндіреді.
Қолданыстағы 4% мөлшерлемесі бар бөлшек салық (мәслихат шешімімен 2%-ға дейін төмендетілуі мүмкін), ҚҚС және әлеуметтік төлемдерден босатылады және 200 қызметкерге дейін рұқсат етеді – осы режим жеңілдетілген декларация негізіндегі СНР-мен біріктіріледі. Бұл шешім қайталануды жоюға және әкімшілендіруді жеңілдетуге бағытталған.
Режимдерді біріктіру – кәсіпкерлер үшін салық ортасын жүйелі әрі түсінікті етуге жасалған қадам. Біз тек жүктемені жеңілдетіп қана қоймай, заңды формалар санын да азайтып, әсіресе өңірлерде бизнесті жүргізуді жеңілдетуді мақсат етеміз, – деді ҚР ҰЭМ Салық және кеден саясаты департаментінің директоры Ерлан Сағынаев.
Бүгінде қолданыстағы, 70% шегерімі бар және қалған 30% табысқа КТС немесе ЖТС мөлшерлемесі қолданылатын арнайы салық режимі жойылады. Бұл режимге 144 184 АЕК табыс және 50 қызметкерге дейінгі шектеу қойылған болатын. Жаңа кодекс жобасында бұл режим қолданыстағы АСР тізімінен алынып тасталды.
Ведомство өкілі мұны режимнің танымалдығы мен тиімділігінің төмендігімен түсіндірді.
Біз шегерім қолданудың тәжірибесін мұқият зерттеп, бұл режимнің сұранысқа ие болмағанын және әкімшілендіруінің тым күрделі екенін анықтадық. Оның орнына бизнеске икемдірек салық салу түрлері, соның ішінде жаңартылған жеңілдетілген декларация ұсынылады, – деп түсіндірді спикер.
Жалпы алғанда, АСР-ді жаңғыртуға бағытталған ұсынылып отырған тұжырымдама мемлекет тарапынан қолайлы және ашық іскерлік орта қалыптастыру стратегиясын көрсетеді. Ұлттық экономика министрлігі басты міндет – әкімшілік жүктемені азайту және салық салуда болжамды жағдай жасау арқылы кәсіпкерлерді қолдау екенін атап өтуде.
Біз жеңілдету, цифрландыру және икемділікке басымдық беріп отырмыз. Жаңа тәсіл кәсіпкерлерге тек жұмыс істеуді жеңілдетіп қана қоймай, тезірек өсуге де мүмкіндік беруі тиіс, – деп түйіндеді Ерлан Сағынаев.