Биыл ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толады. Осы орайда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетіндегі “Абайтану және ұлттық руханият” ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Абат Пангереевпен орталықтың жұмысы, мерейтойға орай өткізілетін шаралар жайлы әңгімелескен едік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
— Абат Шамұлы, алдымен университеттегі “Абайтану және ұлттық руханият” ғылыми-зерттеу орталығының жұмысы жайлы айтсаңыз. Қашан ашылды, мұнда қандай еңбектер, жәдігерлер бар?
— “Абайтану және ұлттық руханият” ғылыми-зерттеу орталығының негізі 1993 жылдан басталады. Себебі сол кезеңде Ақтөбеде алғаш қазақ филологиясы мамандығын ашқан ғалым, қоғам қайраткері Мұхтар Арынның бастамасымен филология факультетінде “Абайтану” мұражай-кабинеті өз жұмысын бастаған болатын. Сол кезеңде Абайдың Семей қаласындағы қорық-музейінен кафедра профессоры болған Баян Тәліпұлы ағамыз бірқатар материалдар жинақтап әкеліп, “Абайтану” кабинетін жасақтаған еді. Алайда кейін университет екіге бөлінгенде кабинеттің сәні кетті.
Кейін университетімізге Бауыржан Ердембеков ректор болып келгенде жаңа бастама көтеріп, сол кабинетті жаңғыртып, осы орталықтың ашқан болатын. Содан бұл кабинетті “Абайтану және ұлттық руханият” ғылыми-зерттеу орталығы деп атадық. Себебі Абайды ұлттық руханияттан жеке бөліп қарамайық деп шештік. Жалпы, ұлттық руханиятқа ұлттық фольклор, ұлттық салт-дәстүрлер, ырым-жорамалдар, мақал-мәтелдер сияқты ауыз әдебиетінің барлық жанры кіреді. Бүгінде орталықтың атқаратын өз жоспары бар. Мәселен, осы орталық құрылғаннан кейін Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай “Жұбановтан — Абайға” деп аталатын республикалық ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырдық. Соның аясында фотоальбом етіп материалдарын шығардық, 30 минуттық деректі фильм түсірдік. Абайдың еліне барып тұрып, Абай жүрген жерлермен жүріп, сол мекеннің тарихымен танысып, көп мағлұмат алып келдік. Абайдың мұражайын, кесенесін аралап шықтық. Экспедицияны өзім бастап бардым, топ құрамында тарихшылар, филологтар, магистранттар — барлығы жеті адам болды. Экспедиция аясында Астана, Павлодар қалаларын аралап, Абайдың еліне барар жолда көптеген тарихи орындарды, Мұхтар Әуезовтің Бөрілідегі музейін, Күшікбай батырдың асуын, Ғазиза қыздың бейітін, Еңлік-Кебектің үңгірі мен ескерткіш-күмбезін аралап, Абайдың кесенесіне барып жеттік. Қазір сол экспедиция жайлы материалдар мен деректі фильм әлеуметтік желілерде сақталған.