Air India ұшағының апатқа түсу себебі жарияланды: қозғалтқыштар жанармайсыз қалған

12 маусым күні болған Air India әуе апатының алғашқы ресми себептері жарияланды.  Boeing 787 Dreamliner ұшағы апатқа ұшырап, бір жолаушыдан басқа барлық адам қаза тапқан болатын.

Екі қозғалтқыш бірінен соң бірі тоқтап қалған

Euronews агенттігінің хабарлауынша, Үндістанның әуе апаттарын тергеу бюросы (AAIB) сенбі күні ұшақ апатына не себеп болғанын алдын ала тергеу қорытындысы арқылы түсіндірді. Басты назар — қозғалтқыштарға бағытталған.

Ұшақ әуеге көтеріліп, ең жоғары жылдамдыққа жеткен сәтте екі қозғалтқыштың да жанармай беру тетіктері RUN (жұмыс) режимінен бірінен соң бірі CUTOFF (тоқтату) күйіне ауысып кеткен.

Ұшқыштар тетіктерді қайта іске қосуға әрекеттенген, бірақ ұшақ биіктігін жоғалтып, төмен қарай құлдилай бастаған. Бұл кезде қозғалтқыштар қажетті қуатты бере алмай, ұшақ қайта көтеріле алмады.

Ұшқыштар арасындағы диалог — апат алдындағы сәт

Ұшақтың дауыс жазу құрылғысынан алынған деректер ұшқыштар арасында орын алған диалогты тіркеген. Олардың бірі екіншісінен:

«Жанармай беруді неге өшірдің?» — деп сұраған.

Екінші ұшқыш:

«Мен ештеңе істеген жоқпын», — деп жауап берген.

Бұл сәт апат алдындағы санаулы секундтарда болған. Мамандар бұл сұрақ-жауап диалогы күмәнді жағдайды ашық қалдырып отыр.

Кездейсоқ қате болуы мүмкін емес – сарапшылар

Авиациялық сарапшылар мен тергеу тобының айтуынша, жанармай беру тетіктерінің кездейсоқ ауысуы мүмкін емес. Себебі:

  • Бұл тетіктер кабинаның артқы бөлігінде орналасқан, кездейсоқ қол тию ықтималдығы өте төмен;

  • Олар арнайы қорғаныс қақпағымен жабылған және ажырату үшін бөлек босату механизмін басу керек.

Қорытынды әзірге толық емес

Үндістанның авиациялық билігі бұл — алдын ала қорытынды екенін, тергеу жалғасып жатқанын мәлімдеді. Мамандар жүйенің ақауы ма, әлде адам факторынан кеткен қате ме – соны нақты анықтау үшін техникалық сараптамалар мен симуляциялық тексерулер жүргізіп жатыр.


🛫 Бұл апат – соңғы онжылдықтағы ең ірі трагедиялардың бірі ретінде бағаланып отыр.

фото: әлеуметтік желіден

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *