Түркістанда мүмкіндігі шектеулі жанды баспанадан қағуға тырысқан – заң орнады ма?

Түркістан облысының Ордабасы ауданында бірінші топтағы мүгедек азамат Ақжол Нияз 12 жыл күткен пәтерінен заңсыз түрде қағылмақ болды. Бұл туралы Otyrar.kz порталы хабарлады.

Ақжол Нияз 2023 жылы мемлекеттік тұрғын үй кезегіне тұрған. Бірақ інісі Данил Нияздың айтуынша, Темірлан ауылында жаңа үйлер салынып жатқанын естіп, әкімдікке барған кезде ол ағасының кезектен шығарылғанын білген. Себебі ретінде – «оның атына тіркелген үйі бар» деген уәж айтылған.

«Бірақ бұл ақпарат шындыққа мүлде сәйкес келмейді. Ағам ешқашан баспаналы болмаған», – дейді Данил Нияз.

Прокуратура араласты: әділет орнады

Азаматтық шағымнан кейін Ордабасы аудандық прокуратурасы тексеру жүргізіп, Ақжол Нияздың заңсыз түрде кезектен шығарылғанын анықтады.

Түркістан облысы прокуратурасының мәлімдеуінше, тұрғын үй бөлімі басшысы мен жауапты қызметкерге қатаң тәртіптік жаза қолданылып, азаматтың тұрғын үй кезегі қалпына келтірілген. Қазір оған заңды пәтері берілді.

Аймақтағы мүгедек жандар жиі әділет іздейді

2025 жылдың алғашқы жарты жылында Түркістан облысы прокуратурасына 15 400-ден астам мүгедектігі бар азамат түрлі әлеуметтік мәселемен жүгінген. Олардың басым бөлігінің құқықтары прокуратураның араласуымен қалпына келтірілген.

Бүгінде облыста 100 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады.

Фото: istockphoto.com

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *