Түркістан облысында 6 мыңнан аса кәсіпорын жұмыс істейді. Соның ішінде 225 кәсіпорын жоғары тәуекелді мекемелер тізіміне енген. Бұл туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысы Амангелді Әліш мәлімдеді, деп жазды Оtyrar.kz өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингке сілтеме жасап.
Тәуекелі жоғары деп танылған кәсіпорындарда жұмысшыларға қатысты әлеуметтік төлемдердің төленбеуі, жалақы қарызы, еңбек жағдайларына қанағаттанбау секілді мәселелер тіркелген. Мәселен, облыстағы бір кәсіпорын 44 жұмысшысына 101 млн теңге еңбекақы қарыз. Бұл бойынша сот орындаушылары компанияның банк шоттарын бұғаттап, қарызды өндіріп алу шаралары жүргізіліп жатыр.
«Тәуекелі жоғары 225 мекемеге толық талдау жүргізілді. Әлеуметтік төлемдерді тұрақты аудармайтын кәсіпорындар анықталып, оларға заң талаптарына сәйкес шаралар қолданылуда», – деді Амангелді Әліш.
Жалпы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі облыс бойынша 6112 кәсіпорынды бақылауға алған. Олардың:
-
225-і – жоғары тәуекелді,
-
366-сы – орташа тәуекелді,
-
5521-і – тәуекелсіз болып танылған.
Оtyrar.kz басылымының жазуынша, биылғы жартыжылдықта 6 кәсіпорын 5 мыңға жуық қызметкеріне 454 млн теңге жалақыны уақытында төлемеген. Қазіргі таңда бұл қарыз өтелген. Алайда жоғарыда аталған бір мекемеде ғана әлі де 101 млн теңге қарыз өзекті болып отыр.
Амангелді Әліш жұмыс берушілерге де, еңбек заңнамасын бұзған жұмысшыларға да заң шеңберінде тиісті жауапкершілік қарастырылатынын айтты. Сонымен қатар, аудан, қала әкімдіктерімен тығыз байланыс орнатылып, жаңа еңбек дауларының алдын алу бағытында жұмыстар жалғасуда.
Фото дереккөзі: uralskweek.kz сайтынан алынған