Бидай алқаптары бітік шықты: Қазығұртта 94 мың гектар жер игерілді

Түркістан облысы, Қазығұрт ауданында биылғы астық ору науқаны ресми түрде басталды. Алғашқы орақты қазығұрттық диқандар Қ.Әбдәлиев ауыл округіндегі «Үшбастау» өндірістік кооперативінің алқабында бастады. Жиын-терім барысымен аудан әкімі Азизхан Исмаилов арнайы барып танысты.

Қазіргі таңда комбайндар толық жұмысқа кірісіп, егістіктен алтын дәнді қамбаға тасымалдау қарқынды жүріп жатыр. «Үшбастау» кооперативінің егіс алқабынан әр гектардан 25 центнер өнім алу жоспарланған. Биылғы ауа райының қолайлығы мен агротехникалық шаралардың дұрыс жүргізілуі өнімділікке оң әсерін тигізіп отыр.

Аудан бойынша ауыл шаруашылығына арналған жалпы жер көлемі – 275,3 мың гектар. Оның ішінде:

  • 100,9 мың га – егістік,

  • 133,6 мың га – жайылым,

  • 30,9 мың га – шабындық,

  • 13,5 мың га – суармалы алқап.

Биыл 100,9 мың гектар егістік алқаптың 94 мың гектары игерілген. Оның ішінде 43,9 мың га жерге – бидай, 6,4 мың га – арпа, 8 025 га – мақсары, 33,6 мың га – жоңышқа, жүгері, көкөніс, бақша және өзге де дақылдар егілді.

Науқан кезінде шаруаларға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Көктемгі дала жұмыстарына 5 448 тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлініп, аграршылар қажетті көлемде қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, «Ырыс» микроқаржылық ұйымы арқылы 30 шаруа қожалығына жалпы сомасы 364 млн теңге болатын 5% несиелік қолдау берілді.

Аудан басшысы науқан барысында техника қауіпсіздігі мен өнім сапасына ерекше назар аударуды тапсырды. Қазығұрттық диқандардың айтуынша, биылғы жиын-терім маусымы өнімді әрі табысты болмақ.

📌 Ақпарат көзі: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *