Мұғалімдердің еңбек демалысы: қанша күн және қалай төленеді?

Мұғалімдерге қанша күн еңбек демалысы беріледі?

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметі бойынша, барлық педагогке жыл сайынғы еңбек демалысы кем дегенде 56 күнтізбелік күн көлемінде беріледі. Бұл ұзақ мерзімді демалыс мұғалімдерге денсаулығын қалпына келтіруге, жан-жақты демалуға және отбасымен уақыт өткізуге мүмкіндік береді.
Еңбек демалысы екі түрге бөлінеді:
— Негізгі еңбек демалысы – барлық мұғалімдерге беріледі;
— Қосымша еңбек демалысы – экологиялық немесе радиациялық қауіпті аймақтарда тұратын ұстаздарға арналған.
Қосымша еңбек демалысының ұзақтығы:
 Экологиялық қолайсыз аймақтардағы мұғалімдерге – 7-ден 12 күнге дейін;
— Радиациялық қауіпі бар өңірлердегі педагогтерге – 5-тен 14 күнге дейін.

Еңбек демалысы қалай төленеді?

Мұғалім еңбек демалысына шыққанда, оған лауазымдық жалақы мөлшерінде сауықтыру жәрдемақысы төленеді. Бұл дегеніміз:

— Жәрдемақы мұғалімнің демалыс кезіндегі нақты жұмыс жүктемесіне сәйкес есептеледі;

— Қосымша ақы немесе үстемеақы жалақы мөлшеріне кірмейді.

Егер мұғалім қосымша жұмыс атқарса немесе уақытша жоқ қызметкердің міндеттерін орындаса, жәрдемақы төлеу тәртібі мынадай:

— Егер қосымша жұмыс негізгі жұмысынан бөлек емес, сол уақытта атқарылса, жәрдемақы тек негізгі жұмысқа төленеді;

— Егер қосымша жұмыс бөлек еңбек шарты бойынша және негізгі жұмыстан бөлек уақытта орындалса, жәрдемақы екі жұмыс үшін бөлек төленеді.

Ескерту:

— Демалыс кезінде мемлекеттік және басқа мереке күндері еңбек демалысына кірмейді;

— Еңбек демалысын есептегенде нақты жұмыс істеген уақыт қана есепке алынады.

«Отпуск» ақшасы қашан түседі?

Әрбір білім беру ұйымы еңбек демалысының төлемдерін уақытылы төлеуге жауапты.

Еңбек демалысының төлемі демалыс басталғанға дейінгі 3 жұмыс күнінен кешіктірілмей төленеді. Егер педагогтың еңбек демалысы демалыс кестесіне сәйкес келмесе, оған төлем демалыс берілген күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей төленуі тиіс.

Еңбек демалысын беру кезінде сауықтыруға арналған жәрдемақы лауазымдық жалақы мөлшерінде төленеді.

Білім беру ұйымдарының штаттық қызметкерлерінің (директор, әдіскер, әлеуметтік педагог, педагог-психолог, педагог-ассистент және басқалар) лауазымдық жалақысының мөлшері базалық жалақыны тиісті коэффициентке көбейту арқылы айқындалады.

Пән мұғалімдері үшін нормативтік оқу жүктемесі белгіленеді, сондықтан олардың лауазымдық жалақы мөлшері лауазымдық ақыны нақты оқу жүктемесіне көбейту және шыққан туындыны апталық нормативтік оқу жүктемесіне бөлу арқылы анықталады.

Нәтижесінде қосымша ақылар мен үстемеақыларды қамтымайтын жалақының негізгі бөлігі есептелінеді.

Нормативтік жүктемесі бар педагогтерге сауықтыруға арналған жәрдемақының мөлшері олардың еңбек демалысы берілген күнгі нақты оқу жүктемесінен есептеледі.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *