Сырдария өзені бойындағы кең алқаптар ғасырлар бойы күріш шаруашылығының маңызды ошағы болып саналады. Бұл аймақтың қолайлы табиғи жағдайы мен құнарлы топырағы күріш өсіру үшін таптырмас мүмкіндік туғызады. Көп ғасырлық бай тарих пен дәстүр бүгінге дейін үзілмей, жаңарған үлгіде жалғасын тауып келеді.
Осы күріш шаруашылығын табысты дамытып келе жатқандардың бірі — «Таң ЛТД» ЖШС ұжымы. Бұл шаруашылықтың негізін қалаған және ұзақ жылдар бойы басқарып келген Имамзада Шағыртаев – Қазақстанның Еңбек Ері, агрономиялық ғылымдарының кандидаты, әрі саладағы тәжірибесі 40 жылдан аса маман. Ол өмірін күріш өсіру саласына арнаған еңбекқор әрі тәжірибелі маман. Қиын кезеңдерге қарамастан, кәсіптің тұрақты дамуына бар күшін жұмсап, өңірдің ауыл шаруашылығын жаңғыртуға ерекше үлес қосқан азамат. Имамзада Шағыртаев күріш шаруашылығында ғылыми негізделген әдістерді енгізіп, заманауи технологияларды қолдануға көп мән берген. Оның басшылығымен шаруашылық күріштің өнімділігін арттырып, сапалы өнім өндіруде республика көлемінде танымал болды. Сондай-ақ, ол жас мамандарды оқыту мен тәжірибеден өткізуге ерекше көңіл бөлген, бұл саладағы кадрлардың біліктілігін арттыруға ықпал етті.