Сомнолог Кейтлин Чейссер нашар ұйқы денсаулыққа кері әсер ететінін мәлімдеді. Бұл туралы ол Instyle басылымына берген сұхбатында айтты.
Кейтлин Чейссер ұйқысыздық ашушаңдыққа, алаңдаушылыққа және психикалық мәселелерге әкеп соғуы мүмкін екенін ескертті.
«Оның мұндай салдары белгілі. Бірақ нашар ұйқының денсаулыққа күтпеген кері әсері де бар, оны көпшілік біле бермейді», — деп ескертті маман.
Дәрігердің айтуынша, ұйқысыздық салдарынан ішекте созылмалы қабыну пайда болады және микрофлораның тепе-теңдігі бұзылады, бұл тағамнан қоректік заттар нашар сіңуіне әкеп соғады.
Сонымен қатар, маман жағымсыз салдарлардың қатарына гормондар, безеу, шаштың түсуі, т.с.с. проблемаларды атады.
Еске салайық, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі ересектер мен балалар қанша сағат ұйықтағаны жөн екенін айтты.
Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті бұл сауал адамның жасына байланысты екенін мәлімдеді:
- жаңа туған нәрестелер (0-3 ай): 14-17 сағат;
- сәбилер (4-12 ай): 12-16 сағат;
- 1-2 жастағы балалар: 11-14 сағат;
- 3-5 жастағы балалар: 10-13 сағат;
- 6-12 жастағы балалар: 9-12 сағат;
- 13-18 жас аралығындағы жасөспірімдер: 8-10 сағат;
- ересектер, яғни 18-64 жастағылар: 7-9 сағат;
- 65 жастан асқан қарттар: 7-8 сағат.