Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында жыл басынан бері 17 Отбасын қолдау орталығы ашылып, 4 мыңнан астам азаматқа нақты әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсетілді, — деп хабарлайды buginnews.kz ақпараттық порталы.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен арнайы жиында орталықтардың қызметі жан-жақты пысықталып, жұмысты жандандыруға қатысты бірқатар тапсырмалар берілді.
– Әр аудан, қаладағы орталықтар жеке ғимаратпен қамтамасыз етіліп, материалдық-техникалық базасы нығайтылуы тиіс. Тұрмыстық қиындыққа тап болған отбасыларға кешенді сүйемелдеу көрсетіп, оларды қоғамға бейімдеуге ерекше назар аудару қажет. Мобильді топтардың жұмысын күшейтіңіздер, – деді облыс әкімі.
Облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Күміскүл Мированың айтуынша, жыл басынан бері орталықтарға 4782 өтініш түсіп, олардың аясында 4033 түрлі қызмет көрсетілген.
Сондай-ақ 426 жедел сигнал тіркеліп, көп жағдайда құқық қорғау және әлеуметтік қорғау саласы мамандары бірлесіп әрекет еткен.
Облыс әкімінің тапсырмасымен бірқатар орталықтарда уақытша жатын орындар ұйымдастырылған, алайда кей өңірлерде бұл мәселе әлі шешімін таппаған.
Заманауи форматтағы FSM Social мобильді қосымшасы іске қосылып, көмек көрсету процесі цифрландырылды. Бұл жүйе арқылы көмекке мұқтаж адамдарды ерте анықтау, жоспар құру және шаралардың орындалуын қадағалау жеңілдеді.
Бүгінде өңірде жұмыс істейтін мобильдік топтардың құрамында 5 мыңға жуық маман бар. Олар – әлеуметтік қорғау, білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау және қорғаншылық органдарының өкілдері.
📌 Ақпарат көзі: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі