Түркістан облысының Келес ауданында ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін қатар дамытуға бағытталған ауқымды инвестициялық жоба іске асуда. Ошақты ауылдық округіне қарасты Сарыжылға елді мекенінде жібек құртын өсіру және өңдеу кәсіпорны құрылмақ. Бұл туралы аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев пен «Асвс ойл» ЖШС өкілдерінің кездесуінде белгілі болды.
Жалпы құны 1 млрд 780 млн теңге болатын бұл жоба аясында 60 гектар жерге тұт ағашының көшеттері отырғызылып, 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда жер телімі заңды рәсімделіп, инфрақұрылым жұмыстары басталып кеткен. Атап айтқанда, су ұңғымасы қазылып, қажетті су жеткізу жүйесі толықтай дайындалды.
Тұт ағашының көшеттері Қытай Халық Республикасынан арнайы жеткізіледі. Бұл бағытта серіктестік халықаралық келісімшарт жасап үлгерген. Сонымен қатар, жоба тиімділігін алдын ала бағалау мақсатында Біртілек ауылдық округінде 0,5 гектар жерге сынамалық көшеттер отырғызылған. Бүгінде олар климатқа бейімделіп, алғашқы өнімін беріп үлгерді.
Инвесторлар бұл жобаны одан әрі кеңейтіп, тұт жапырағынан шай өндіру бағытын да дамытуды көздеп отыр. Бұл мақсатта Қытайдан заманауи шай өндіру қондырғылары әкелінетін болады.
Жоба өңірдің инвестициялық әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындары, экспортқа бағытталған өнім өндірісі және агроинновациялық серпін беретін бастама болмақ.