Түркістан облысы, Сайрам ауданына қарасты Ақсукент ауыл округінде 80 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы қарқынмен жүргізілуде. Бүгін соның алғашқы 32 пәтері пайдалануға берілді.
Салтанатты іс-шараға арнайы қатысқан облыс әкімі Нұралхан Көшеров жаңа қоныс иелерін құттықтап, арендалық пәтерлердің кілттерін табыс етті.
Нұралхан Көшеров:
«Бүгін біз маңызды әлеуметтік жобалардың бірі – арендалық тұрғын үйдің ашылу салтанатында бас қосып отырмыз. Бұл — ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыру жолында қолға алынған нақты істердің нәтижесі. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде азаматтарды баспанамен қамту — стратегиялық басым бағыттардың бірі. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде облыс орталығы мен аудандарда тұрғын үйлер салынып, баспана кезегінде тұрған азаматтарға пайдалануға берілуде».
Аталған тұрғын үйлер көпбалалы және толық емес отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтар мен жетім балаларға үлестірілді.
Жаңа үйлер:
-
1,1 гектар аумақта орналасқан;
-
6 екі қабатты үйден тұрады;
-
20 пәтер – 1 бөлмелі;
-
60 пәтер – 2 бөлмелі.
Құрылысты «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жеке инвестор 2024 жылы бастаған. Биыл толық аяқталып, пайдалануға берілді.
Облыста тұрғын үйге деген сұраныс жоғары. 2018–2024 жылдар аралығында 7,7 мың отбасы жаңа баспанамен қамтамасыз етілсе, соның 159-ы – Сайрам ауданында. Бүгінгі тапсырылған 32 пәтермен бұл көрсеткіш одан әрі артты.
Қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша 69 мың азамат тұрғын үй кезегінде тұрса, соның 6 пайызы – Сайрам ауданының тұрғындары (4 251 азамат). Аудан бойынша баспана мәселесін шешу мақсатында алдағы уақытта Ақсукент және Ақбастау ауылдарынан қосымша 96 пәтерлі тұрғын үйді сатып алу жоспарлануда.