Жастарға серпін беретін нысан: Сайрамда спорт кешені ашылды

Түркістан облысы, Сайрам ауданына қарасты Қарасу ауылында заманауи дене шынықтыру-сауықтыру кешені ел игілігіне пайдалануға берілді. Жаңа нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, жергілікті тұрғындарға құттықтау тілегін жеткізді.

– Өңірде әлеуметтік нысандардың саны артып келеді. Халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау бағытында ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Жаңа спорт кешені ауданның спорт саласының дамуына серпін береді деп ойлаймын. Осы ғимараттан ел чемпиондары шыға берсін! – деді аймақ басшысы.

Салтанатты іс-шарада ауыл ақсақалы Ә.Байназар мен ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, даңқты бокс бапкері М.Айтжанов сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы мен облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді.

Ашылу рәсімінен кейін облыс әкімі тұрғындармен бірге кешен ішін аралап, жас спортшылармен тілдесті.

Жаңа спорт нысанының құрылысы 2023 жылы Сайрам аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің тапсырысымен басталған. Жоба «НурТехСервис» ЖШС тарапынан жүзеге асырылып, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан бөлінген кепілдендірілген трансферт есебінен қаржыландырылды.

Жалпы аумағы 3,2 гектарды құрайтын кешеннің ғимараты 2 қабатты, 646 шаршы метр көлемінде салынған. Кешенде заманауи спорт залдары, жаттығу залы, киім ауыстыру мен жуыну бөлмелері, қоймалар, қызметкерлерге арналған кабинеттер, дәрігер мен процедуралық бөлмелер қарастырылған.

Жаңа нысан гандбол, баскетбол, волейбол, күрес, бокс, гимнастика, жеңіл және ауыр атлетика сынды спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік береді. Кешен күніне орта есеппен 60–70 адамды қабылдай алады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *